Алматы облысында ұландық жарылыстың алдын алды
Аталмыш оқиға 13 тамызда Қаракемер ауылынан бірнеше шақырым жерде орын алған болатын. Әскери қызметшінің бұл ерлігі жуырда ғана кафе иелерінің атынан әскери бөлімге келген алғыс хат арқылы белгілі болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сол күні сағат 14:00-де Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Бақыт Ташкенбаев отбасымен Есік елді мекеніне жол тартты.
Әскери қызметші жол бойындағы «Алатау холл» кафесінен шыққан қалың түтінді байқады. Офицер бірден оқиға орнына жақын жерде тоқтап, көмек сұраған дауыс шыққан жаққа жүгірген.
«Сол кезде мейрамханада өрттің алдын алуға тырысқан әйелдер ғана болды. Ең алдымен, мен от шыққан ас үйге жүгірдім. Түтін арасынан екі газ баллонды көрдім, оны ажыратып, көшеге шығардым. Осыдан кейін әйелдер өрт екінші қабатқа өтеді деп айқайлады. Салтанат залына жүгіріп барып, екінші қабаттан жиһаздарды шығарып, ғимараттың төбесіне оттың өтуіне жол бермеу үшін перделерді жұлып ала бастадым», – дейді Бақыт Жүнісұлы.
Ұлттық ұланның әскери қызметшісі өрт сөндіру машинасы келгенге дейін өртті алғашқы сөндіру құралдарымен өз бетінше сөндірді, эвакуациялық өткелдерді бөгде заттардан босатты және азаматтарды қауіпсіз жерге шығарды. Өрт сөндіру командасы келгеннен кейін ол батылдық пен кәсібилік көрсетіп, көмек көрсетуді жалғастырды.
Бұл жағдай туралы қазір ғана белгілі болды. Оның себебі мынада – офицер өрт ошағын жойып болған соң, жай ғана кетіп қалған. Ал азаматтар әлеуметтік желілер арқылы әскери қызметшіге газ баллондарының ықтимал жарылысын болдырмай, апаттың алдын алғаны үшін алғыс білдірді.