Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында жыл басынан бері 400-ге жуық адам интернет-алаяқтардың құрбанына айналған

Алматы облысында тәртіп сақшылары «Аnti-fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында  халық арасында азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған  түсіндірме жұмыстарын жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицейлер халыққа алаяқтардың азаматтардың ақшасы мен мүлкін ұрлау әдістері туралы түсіндірді. Тәртіп сақшылары ақпараттық буклеттер мен кітапшаларды тарату түріндегі дәстүрлі әдістермен шектелмей, дін саласының қызметкерін де тартты.

– Интернет-алаяқтардың айла-амалдарына көбінесе аға буын өкілдері түсетіні бәріне мәлім. Сондықтан біз діни қызметкерлерді тартуды шештік. Бұл жалпы азаматтар арасында ғана емес, қарттар арасында да ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының ауқымын ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Алматы облысы ПД КПБ бастығының орынбасары Нұржан Кенесханұлы.

 

«Anti-fraud» іс-шарасы барлық полиция бөліністерін тарта отырып, өңір аумағында өтті. Алматы облысындағы соңғы мәліметтерге сәйкес жыл басынан бері интернет-алаяқтардың әрекетінен 400-ге жуық адам зардап шекті.

– «Anti-fraud» іс-шараның негізгі соққы күші «Киберпол» бөлінісінің жедел уәкілдері болып табылады. Олардың табандылығының арқасында интернет-алаяқтықтың бірнеше фактілері ашылды. Іс-шара барысында OLX онлайн-жарнама платформасы арқылы жоқ тауарларды сатумен айналысқан Әзірбайжан Республикасының 28 жастағы азаматы ұсталды. Сонымен қатар, онлайн-несие рәсімдеп, алаяқтықпен айналысқан әйел адам анықталды. Қазіргі уақытта оның осындай 10 фактіге қатысы бар екендігі дәлелденді, – деп қосты Н. Кеңесханұлы.

Профилактикалық іс-шараның өту барысында полиция қызметкерлері тағы бірнеше күдіктіні анықтап, ұстай алды. Барлық ұсталғандар басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғына мұқият тексеріледі. Жедел профилактикалық іс-шара қорытындысы бойынша полицейлер интернет-пайдаланушыларға қатысты алаяқтықтың 17 фактісін ашты, оның ішінде бұрын жасалған 14 қылмыс және контрафактілік өнімді сатудың 3 фактісі ашылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру