Алматы облысындағы колонияға телефонды шұжық ішіне жасырып өткізбек болған күдікті анықталды
Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты мекемеге шұжық ішіне телефон жасырып өткізуге тырысқан күдікті анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №12 барынша қауіпсіздігі жоғары мекемесіне тыйым салынған заттарды өткізуге әрекет жасалды. Телефонды шұжықтың ішіне жасырған әйел, оларды бандероль арқылы жіберген.
Мекеме қызметкерлерінің қырағылығының арқасында, заңсыз өткізу фактісінің жолы кесілді. LG-D690 маркалы ұялы телефон тәркіленді.
– Аталған дерекке қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы (Қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен нәрселер беру) бойынша материал жиналып, әйел адамға қатысты шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді, – деп атап өтті ҚАЖД бастығының орынбасары Қанат Ашов.