Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысының полицейлері бір отбасыны өрттен құтқарды

Алматы облысында полицей өрт шыққан үйден бір отбасының мүшелерін қауіпсіз жерге алып шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы облысы Жамбыл ауданының патрульдік полицейлері әкімшілік аумақты автопатрульдеу кезінде таңға жуық Б. Қыдырбекұлы ауылы тұрғындарының көшеге жаппай шығып жатқанын байқаған. Жедел оқиға орнына жеткенде көпқабатты үйдің жертөлесінен өрт шыққанын анықтап, төтенше жағдай қызметін көмекке шақырған.

Талап бойынша тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында учаскелік полиция инспекторы сыртта қалып, оның сол күнгі серіктесі патрульдік полиция инспекторы Асанжан Садыков шұғыл түрде пәтерлерді аралауға кіріскен.

– Төрт қабатты үйдің кіреберісі түтінге толы болды. Ештеме көрінбейді. Дегенмен, пәтерлерді аралай бастадым. Екінші қабатқа шыққанда баланың дауысы естілді. Бірден төртінші қабатқа жүгірдім. Пәтердің ішіне кіргенде екі баласы бар әйел бар екен. Олар есі шығып, шығатын жол таппай қалыпты. Үш және бес жастағы екі қыздың бірін мен, екіншісін өрт сөндіруші қызметкер көтеріп, әйелді жетектеп далаға шықтық, – деді полицей Асанжан Садыков.

Өрт сөндірушілердің ақпараты бойынша, өртенген аумақ аз ғана болғанымен, оқиғаның таңға уақытта орын алуы және улы түтіннің толып қалуы өте үлкен қауіп төндірген. Қажетті көмектің дер кезінде жетіп, шұғыл шаралар қабылдануының арқасында тұрғындардың ешқайсысы зардап шекпеген.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру