Алматы облысының полицейлері із-түзсіз жоғалған екі қыздың мекенжайын жылдам анықтады
Жоғалған қыздар Алматы шахарында серуендеу мақсатында ата-аналарына ескертпей, үйден қашып кеткені белгілі болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 шілде күні Жамбыл ауданының полициясына жоғалған қыздардың бірінің анасы келіп, оның 15 жастағы қызын тауып беруге көмек сұраған.
Жасөспірім 6 шілде күні кешке белгісіз бағытта үйден шығып, қайтып оралмаған.
Тәртіп сақшылары жедел іздестіру шаралары барысында із-түссіз жоғалған қызды 16 жастағы құрбысының қасында жүргенін және құрбысының да үйінде жоқ екенін анықтаған. Із кесушілер сол күні-ақ құрбылардың Алматы қаласындағы мекенжайын шұғыл белгілеп, ювеналды полиция инспекторымен бірлесіп, жедел уәкілдер қыздарды аман-есен ата-аналарына қайтарды.
Үйлерінен шыққан олардың Алматы қаласына таксимен жеткені, метроға түнеп шыққаны белгілі болды. Келесі күні Арбат маңында серуендеп, кешке пәтер жалдау үшін вокзалға келген қос құрбыны тәртіп сақшылары күтіп алған. Ал, олар үйден кетуінің басты себебін қыдырғылары келгенімен түсіндірген.
Кәмелетке толмағандардың ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігіне сәйкес ата-ана міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту туралы әкімшілік материал жасалды, ал кәмелетке толмағандардың өздері профилактикалық есепке алынды.