Алматы облысының полицейлері жер алып берем деп сан соқтырып кеткен алаяқты әшкереледі
Алматы облысының полицейлері жер алып берем деп сан соқтырып кеткен алаяқты әшкереледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жақында Панфилов ауданы полицейлеріне белгісіз әйелдің жымысқы әрекеттерінен зардап шеккен үш азамат арызданған. Олардың екеуі Панфилов ауданының тұрғындары және біреуі Алматы қаласының тұрғыны. Жаркент қаласынан жер учаскелерін меншікке алып беруге уәде берген күдікті 2015 жылы өз құрбандарынан қомақты соманы алған. Дегенмен, алаяқ әйел өтірікке толы уәдеделір орындамаған және оны орындауға тырыспаған. Зардап шегушілерден алған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап, жер сипап қалған алданушылардан мүмкіндігінше бой тасалап жүрген. Аталған деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Көктал ауылының 35 жастағы тұрғынын ұстады. Ұсталған әйелдің бұған дейін де қылмыстық тәжірибесі бар екені белгілі болды.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жалған сөз бен жымысқы әрекеттер шеберінен зардап шеккен басқа да азаматтарды анықтау бойынша жұмыс жүргізуде.