Алматы облысының сотталғандарына рақымшылық қолданылуда
Алматы облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты мекемелерде және пробация қызметінде «Рақымшылық жасау туралы» Заңға сәйкес мың екі жүзден астам сотталған адам рақымшылық актісін қолдану құқығына үміттене алады, деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылғы 2 желтоқсанда Парламент Сенаты «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңды қабылдады. Заңға Мемлекет басшысы 7 желтоқсанда қол қойды.
Алдын ала деректер бойынша, Мемлекет басшысы қол қойған «Рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының қолданысына Алматы облысының мекемелерінде жазасын өтеп жатқан және пробациялық бақылауда тұрған сотталғандар қатарынан 1200-ден астам адам түседі.
Заңды іске асыру мақсатында, өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері рақымшылық жасауға жататын тұлғаларға қатысты материалдар жинау жұмыстарын белсенді жүргізуде.
Бұған дейін сотталғандармен алдын-ала түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сотталғандардың рақымшылық қарауына түсетіндіктерін анықтау бойынша жеке істері зерделенді.
– Бүгінде бас бостандығынан айыру орындарынан 20 сотталған босатылды, 26 адамға қатысты мерзімді қысқарту қолданылып, осыған байланысты тоғызы бостандыққа шықты. Сондай-ақ, 9 есепте тұрған сотталғандардан пробациялық бақылау алынды. Жазадан босату және мерзімді қысқарту сот қаулысының негізінде ғана қолданылады. Рақымшылық актісі ресми жарияланған күннен бастап алты ай бойы жалғасады, – деп түсіндірді департамент бастығы Игілік Хасенов.
«Рақымшылық туралы» Заңды іске асыру бойынша мекеме мен пробация қызметі қызметкерлерінің жұмысы жалғасуда.
Заңның талаптарына сәйкес гуманизм актісі баптардың жекелеген санаттары бойынша ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған сотталғандарға: экстремистік және террористік қылмыстарға, жеке адамға қарсы қылмыстарға, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстарға қолданылмайды.