Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысының тұрғыны пайдакүнемдігі үшін жауапкершілікке тартылмақ

Алматы облысының тұрғыны біреудің телефонын тауып алып, өз қажеттіліктеріне жаратқысы келген, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұйғыр ауданының полицейлеріне Тасқарасу ауылының тұрғыны хабарласып, таксиде түсіріп алған ұялы телефонын тауып беруді сұраған. Тәртіп сақшылары дереу желіден ажыратылған байланыс құралын іздеуді бастаған.

– Ең алдымен зардап шегуші әйел мінген таксиді тауып алып, жүргізушіден жауап алдық. Түсіп қалған телефонды пайдакүнемдік мақсатта иемденіп алуы мүмкін келесі жолаушыдан жауап алу кезінде Үлкен Ақсу ауылының 38 жастағы тұрғыны өз қылмысын мойындады. Бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына (Ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу жалғасуда, – деді Ұйғыр аудандық полиция бөлімінің бастығы Игорь Калмаков.

Тергеу барысында күдікті әйелдің қоғамдық көлікте телефонды тауып алғаны, оны келешекте пайдалану мақсатында өшіріп, нөмірін лақтырып жібергені анықталды. Жоғалған телефон күдіктіден тәркіленіп, заңды иесіне тапсырылды.

Өз кезегінде, тәртіп сақшылары азаматтарды жеке заттарына мұқият болуға және бөтеннің мүлкін тауып алған жағдайда заң талабына сәйкес ішкі істер органдарына хабарлауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру