Алматы полицейлері дәмханадан сексеуіл тәркіледі
Алматы полицейлері дәмханадан сексеуіл тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары Алмалы ауданында заң бұзушылық дерегін анықтады.
Сексеуіл қоғамдық тамақтану орнында заңсыз пайдаланылған: олар пешті қыздырып, кәуап қуырған.
Тергеу-жедел тобы мемлекетке келтірілген шығынды анықтау үшін сексеуілді тәркіледі.
– Сексеуіл қызыл кітапқа енген ағаш, бұл үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабы – сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ, пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер немесе жануарлар түрлерін заңсыз пайдалануға сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Материал Алмалы аудандық ПБ анықтау бөлімінің өндірісінде. Осы баптың бұзылғаны дәлелденген немесе ірі залал келтірілген жағдайда мекеме иесіне жеті мың АЕК-ке дейін айыппұл салынады немесе жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – деді Алмалы ауданы ПБ бастығы Есен Искаков.
Айта кетейік, сексеуілді кесуге тыйым салу заңмен 2000 жылдардың басында енгізіліп, 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды.