Алматы полициясы есірткі өндіру және сатумен айналысқан топты ұстады
Алматы полициясы есірткі өндіру және сатумен айналысқан топты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматының есірткі қылмысымен күресушілерінің назарына 20 жастағы М.есімді азамат пен 21 жастағы А.есімді азаматша түсті. Оларды қаланың Түрксіб ауданындағы Майлин көшесінде ұстады.
– Күдіктілердің қолында бірнеше пакет болды, оның ішінде өсімдік тектес заты бар 120-дан астам бума және шөпті дозаға бөліп, орауға арналған жабдық бар. Тәркіленген заттай айғақтар бойынша сот-химиялық сараптама тағайындалды. Жұптың тек есірткі таратумен ғана емес, өндірумен де айналысатыны анықталды. Соңғы іс-әрекеттерінде олардың сыбайластары бар. Олар да жұп. Ер адам 35 жаста, оның құрбысы әрі «әріптесі» небәрі 23-те. Олар Алматы облысы Талғар ауданы аумағындағы өз үйінде қылмыстық өндірісті бастаған. Осы мақсатта тұрғын бөлмелердің бірін пайдаланған. Ол жерде жұп өз аймақтарында өсірілген шикізатты өңдеген, – деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.
ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша есірткі зертханасының жұмысында пайдаланылған құралдар, дайын шикізат, бұталар тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына тіркелді.
– Сонымен қатар, сот-химиялық сараптамаға нашақорлар арасында «саңырауқұлақ» деп аталатын сұр зат жіберілді. Ал күдіктілер қамауға алынды. Есірткі зертханасы жойылды. Қазіргі уақытта әшкереленген есірткі сатушылардың тұрақты «клиенттерінің» шеңбері құрылуда, – деді Ерлан Әлмағамбетов.