Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда ішімдік ішіп, рөлге отырған әйелдер жауапқа тартылды

Павлодарда ішімдік ішіп, рөлге отырған әйелдер жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

12 тамызда сағат 05.50-де Павлодар қаласының полицейлері Абай көшесін патрульдеу кезінде жүрісі күдік тудырған көлікті тоқтатты. Белгілі болғандай, 25 жастағы жүргізуші рөлге отырмас бұрын қаладағы түнгі клубтардың бірінде ішімдік ішкен.

– Медициналық куәландырудан кейін тәртіп сақшылары оған қатысты ҚР ӘҚБтК 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жүргізуші 7 жыл мерзімге басқару құқығынан айырылды, сондай-ақ оған 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамау тағайындалды, – деп хабарлады патрульдік полиция батальоны командирінің міндетін атқарушы Алтынбек Медияров.

Осыған ұқсас дерек 14 тамызда сағат 03.13-те Торайғыров көшесінде тіркелді. Анықталғандай, 27 жастағы жүргізуші клубтан кейін қаланы бір айналып шықпақ болған. Сот оны 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырды, бірақ әйелдің кішкентай баласы болғандықтан, ол әкімшілік қамауға алынған жоқ.

Түнгі қалада мас күйде көлік басқарған тағы бір жүргізуші ұсталды. Құжаттарды тексеру кезінде әйелдің жүргізуші куәлігі мүлдем жоқ екені белгілі болды. Сот оны ҚР ӘҚБтК 608-бабының 8-бөліміне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартты, енді жүргізушіге 428 820 теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге тура келеді.

Полиция биылғы жылы мас күйінде рөлге отырған 1761 әуесқой жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Әрқайсысы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жазаланды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру