Алматы полициясы генерал Тұмарбековті еске алды
Алматы полициясы генерал Ахмет Тұмарбековті еске алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қалалық полиция департаментінде «Ерлік сабағы» атты кезекті іс-шара өтті. Бұл шара полицияда Ұлы Отан соғысына қатысып, КСРО ІІМ-де 20 жылдан астам ішкі істер министрінің орынбасары қызметін абыроймен атқарған милиция генерал-майоры Ахмет Тұмарбековті еске алуға арналды.
– Ахмет Тұмарбеков полицияда өзіндік орнын қалдырған аңыз адам. Ол 1923 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1942 жылы әскерге алынып, 1943 жылы Солтүстік-батыс, Орталық және Воронеж, Бірінші Украин майданында жауға қарсы күресті. Курск доғалындағы майданда ауыр жарақаттанып, басына түскен қиыншылыққа мойымай, бейбіт заманда Отан үшін қызмет етті. Ленинградттағы арнайы әскери училищені тәмамдағаннан соң Ахмет Тұмарбеков ішкі істер органдарына қызметке жіберілді, – деп Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Олжас Мырзабеков ардагер өмірбаянымен таныстырды.
Аталған іс-шараға ардагердің қыздары Зәуре мен Жанна Тұмарбековалар қатысты. Жалпы, Ахмет Тұмарбеков бірнеше мемлекеттік наградалармен, оның ішінде “Ұлы Отан соғысының 1-дәрежелі”, екі мәрте “Қызыл Жұлдыз”, “Құрмет”, “Ерлігі үшін” сияқты түрлі ордендерімен марапатталды. КСРО Жоғарғы кеңесінің 7-10 шақырылым депутаты болып сайланды. Оның туған жері Павлодар облысы Баянауыл ауданында және Алматы қалаларында ескерткіш тақта қойылған.