Алматыда 6 көлікке ұрлыққа түскен адамдар ұсталды
Алматыда 6 көлікке ұрлыққа түскен адамдар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел түрде анықталғандай, олар аз уақыттың ішінде алматылықтардың көліктерінен алты рет ұрлық жасаған.
– 47 жастағы қаскөйлердің алты ұрлығының үшеуі қаланың Алатау ауданында орналасқан базарлардың бірінің автотұрағында жасалған. Бір оқиғада күдіктілер Toyota Camry автокөлігін қолда бар құралдармен ашып, сол жерден 1 миллион 200 мың теңге, ноутбук пен көлік иесінің ұялы телефонын ұрлап кеткен. Күдіктілер Наурызбай ауданындағы жеке секторда тағы екі ұрлық жасаған. Жеңіл ақшаны жақсы көретіндер күндізгі уақытта жүрген. Өтіп бара жатқан адамдардың назарын аудармауға тырысқан. Дегенмен, кейбір қылмыстық эпизодтар назардан тыс қалмады: олар бейнебақылау жүйесіне түсіп қалған, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.
Спикердің айтуынша, ұрылар Криминалдық полиция басқармасы мен Наурызбай аудандық полиция басқармасы қызметкерлерінің бірлесіп жүргізген арнайы іс-шарасы кезінде ұсталған.
– Күдіктілердің бірі – тәжірибелі ұры. Соңғы рет ол аса ірі көлемдегі ұрлық және қару ұрлығы үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Қылмыстың тағы бір сыбайласы – Өзбекстанның тумасы, ол да бұрын бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін сотты болған. Екі айыпталушы да қамауға алынды. Тергеу жүріп жатыр, – деді Аханов.