Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда ҚАЖД-ның үздік қызметкерлері “Қазақстан полициясына 30 жыл” медалімен наградталды

Алматы қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жеке құрамы Қазақстан полициясы күнін салтанатты түрде атап өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Салтанатты жиынды ҚАЖД бастығы Абай Қайырбеков ашып, құттықтау сөз сөйледі.

– Қазақстан полициясының мерейлі мерекесі күні еліміздің тыныштығы үшін жігерлі еңбек етіп жүрген барлық қызметкерлерге табысты еңбек тілеймін. Бүгін біздің арамызда Қазақстандағы қылмыстық-атқару саласына елеулі еңбек сіңірген ардагерлеріміз отыр. Олардың еңбек жолы бүгінгі жас ұрпаққа өнеге болуда. Сондай-ақ бүгінгі мереке қызмет бабында қаза тапқан әріптестерімізді еске алу күні. Отан алдында қабылдаған анттарына адал болған ерлердің есімі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Қылмыстық-атқару саласының жауапты жұмысын абыроймен атқарып жүрген барлықтарыңыздың отбасыларыңызға бақыт пен амандық тілеймін, – деді А.Қайырбеков.

Қазақстан полициясының төл мерекесіне арналған жиында Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің 100-ден астам қызметкері марапатталды. Олардың арасында ішкі істер министрінің бұйрығымен кезектен тыс шен алған және “Қазақстан полициясының 30 жылдығы” медалімен, департамен басшысының алғыс хатымен марапатталдар бар.

Салтанатты жиында қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері арасында қоян қолтық ұрыстан өткен XIV чемпионатында жетістікке жеткен спортшы қызметкерлерге алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ ҚАЖД қызметкерлері қызмет бабында қаза тапқан әріптестері А.Сабырбековтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Салтанатты жиынға арнайы шақырылған А.Сабырбековтің жұбайына гүл шоқтары беріліп, алғыс айтылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру