Алматыда сотталған балалар мен “Қайрат” клубының футболшылары арасында жолдастық кездесу өтті
Алматы қаласында балалар колониясында сотталған жасөспірімдер мен “Қайрат” футбол клубының жас футболшылары арасында жолдастық кездесу ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №11 мекемесінің биыл пайдалануға берілген жаңа ғимаратындағы заман талабына сай жасалған футбол алаңында тұңғыш рет өткізілген ауқымды футбол жарысында үлкен футбол әлемінен айшықты орын алған жас футболшы Шерхан Қалмырзаның жазалы жасөспірімдерге арнап сөз сөйлегені оларға үлкен жігер сыйлады.
Алматы қаласы бойынша ҚАЖД, “Қайрат” клубы, Алматы қалалық және Түрксіб аудандық прокуратуралары ұйымдастырған матч жоғары деңгейде, қызық әрі тартысты өтті.
Жарыс соңында “Үздік қақпашы”, “Үздік қорғаушы”, “Үздік шабуылшы” номинациялары бойынша жеңімпаз деп танылған ойыншыларға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.
— Алдағы уақытта да осындай спорттық кездесулерді тұрақты түрде ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл ойын біздің балаларға ерекше серпін беріп, спортқа деген қызығушылықтарын арттыра түсті. Сотталған балаларға кәсіби футболшылармен бір алаңда кездесуге мүмкіндік берген “Қайрат” футбол клубының басшылығына алғысымыз шексіз, — дейді Алматы қаласы бойынша ҚАЖД бастығы Ерлан Ұзақов.
