Алматыда заңсыз айналымнан гашиш тәркіленді
Алматыда заңсыз айналымнан гашиш тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел және арнайы іс-шаралар барысында анықталғандай, бұл жолы Алматы полицейлерінің назарына Алматы облысы, Қарасай ауданынан гашиш жеткізіп, қала аумағында оларды сатумен айналысқан 34 жастағы А. есімді азамат ілікті.
– Арнайы іс-шара Алматының Алатау ауданында кешкі алты жарымда жүргізілді. Күдіктінің Hyundai автокөлігі тоқтатылды. Жеке тінту кезінде, сондай-ақ күдіктінің тұрғылықты жері бойынша тінту кезінде бірнеше полимер байламдары табылды және тәркіленді. Олардың ішінде жасыл түсті өсімдік тектес шаңды зат бар болды. Сот-химиялық сараптамасының қорытындысына сәйкес, тәркіленген есірткі заты аса ірі көлемдегі гашиш болып табылады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпараттар тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады.