Алматыда жалған хабарландыруларды орналастырған екі алаяқ құрықталды
Алматыда екі азамат пәтерді жалға беремін, көлік сатамын деген жалған хабарландыруларды орналастырған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы Алмалы ауданының полиция қызметкерлері екі жас күдіктіні ұстады.
– Алдын ала болжам бойынша, Жамбыл облысының 19 және 20 жастағы тұрғындары алдаудың «қарапайым» тізбегін жасағанымен, жақсы табыс тапқан. Жастар сайтта пәтер жалға береміз, көлікті нарықтан төмен бағаға сатамыз деген жалған хабарландырулар орналастырған. Содан кейін банк картасына алдын ала төлем жасауды сұраған. Алайда ақшаны алғаннан кейін олар байланысқа шығуын тоқтатқан. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілер ұсталды. Тергеудің осы кезеңінде олардың 25 алаяқтық ісіне қатыстылығы анықталды. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Сондай-ақ ұсталғандардан абоненттік нөмірлері мен онлайн карталарына кіру мүмкіндігі бар екі телефон тәркіленді, – деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.
Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жедел уәкілдер алданғандардың одан да көп болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Сондықтан олар ұсталғандардың суреттерін мұқият қарап, оларды таныған жағдайда мына телефон нөмірлеріне хабарласуға шақырады: 8-705-555-77-63; 8-775-747-77-78; 8-778-481-19-00; 8-708-707-92-02.
Алматы қаласы ПД, қылмыстық істің басқа да мән-жайлары ҚР ҚПК-нің 201-бабы және ҚР Конституциясының нормаларына сәйкес жария етуге жатпайтынын хабарлайды.