Алматыда жалған полицейлер жасөспірімдерді тонаған
Алматы қаласында жалғыз жүрген жастарды тонаған жалған полицейлер анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Үш азаматтан тұратын қылмыстық топ Баум тоғайында жүрген. Қылмыстық әрекеттерін кейде күндізгі уақытта да жасаған.
– Олар жалғыз жүрген жас адамдарды аңдып, өздерін полиция қызметкеріміз деп таныстырған, оларда полицейлердің нысанды киім-кешегі де, қызметтік куәліктің имитациясы болмаса да, жасөспірімдерден ұялы телефондары мен басқа да гаджеттерін алып кеткен. Қазір күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі таңда біздің ауданда ғана олардың осыған ұқсас ондаған эпизодқа қатысы бар екендігі анықталды. Жеңіл ақшаға құныққан айыпталушылар қаланың басқа аумақтарында да қылмыстық әрекеттерін жасауы мүмкін деген ойдамыз, сондықтан басқа азаматтар тануы үшін олардың суреттерін жариялаймыз. Егер сіз осы адамдардың құрбаны болған болсаңыз, біз сізді мына телефондарға дереу хабарласуға шақырамыз: 298-54-08, 298-54-01 және 8-778-000-86-17 , – деді Түрксіб аудандық Полиция басқармасының бастығы Еркін Амантаев.