Алматыда жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған рейд өтті
Алматыда жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған рейд өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұған дейін хабарланғандай, елімізде “Қауіпсіз жол” республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Оның мақсаты – жол-көлік оқиғаларын азайту, жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жүргізушілердің тәртібін арттыру.
Осы іс-шара аясында Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі патрульдік полиция полкінің қызметкерлері қалааралық тасымалмен айналысатын көлік құралдарын бақылауға бағытталған рейдтер жүргізді. Тексеру барысында сақтандыру полисінің болмауы, көлік құралдарын рұқсатсыз қайта жабдықтау, жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзу және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректері анықталды. Бұл құқық бұзушылықтар жол-көлік оқиғаларының жиілігіне тікелей әсер етеді. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша қолданыстағы заңнама аясында шаралар қабылданды.
Қауіп төндіретін көлік құралы арнайы айыппұл тұрағына қойылды.
— 2025 жыл – Профилактика жылы болып жарияланды. Біз “Заң және тәртіп” қағидасын басшылыққа алып, жол-көлік оқиғаларын азайту және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кең ауқымды профилактикалық және құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тасымалдаушыларды жол жүру және жолаушыларды тасымалдау ережелерін қатаң сақтауға, ал жолаушыларды – қауіпсіз көлікті таңдауға шақырамыз, – деді, Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.
