Алматыдағы тергеу изоляторында «Ашық есік күні» сотталғандар жақындарымен жүздесті
Алматыдағы тергеу изоляторында өткен «Ашық есік күніне» сотталғандардың елуден астам жақындары келді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кеше Алматы қаласындағы тергеу изоляторында шаруашылық қызметіндегі сотталғандар үшін «Ашық есік күні» өткізіліп, жазасын өтеушілер жақындарымен жүздесті.
– Алматы қаласы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті №72 мекемесінде қазір шаруашылық қызмет көрсету жасағында 49 адам жазасын өтеп жүр. Шаруашылық қызмет көрсету жасағына қылмысы ауыр емес және бірінші рет сотталғандар іріктеліп алынады. Оларды іріктеу кезінде жағымды мінез-құлықтары мен тәртібіне, жасаған қылмысының түріне де баса назар аударылады. 1 наурыз – Алғыс айту күні қарсаңында ұйымдастырылған «Ашық есік күніне» сотталғандардың 50-ден астам туыстары келді, – деп хабарлайды ҚАЖД баспасөз қызметі.
«Ашық есік күнінде» сотталғандардың біреуі ата-анасымен, біреуі ет жақын бауырларымен көрісіп, қуанышқа бөленді. Кездесуге келгендердің арасында жаңа туған сәбиден бастап, ересек балаларға дейін болды. Балалар сотталған әкелерімен сағынысып көрісіп, кейбірі құшақтарын жаза алмай көз жастарына да ерік берді.
– Сотталғандардың туыстарымен байланысын үзбей, керісінше олардың тарапынан қамқорлықты сезінуі жазалы жандардың болашақта өмірден өз орындарын табуларына зор ықпал етеді. Бүгінгі кездесудің мақсаты да кейбірі ақымақтықпен, кейбірі қызуқандылықпен жеңіл қылмыс жасаған жандардың қайталап қылмыс жасамай, түзу жолды таңдауларына көмектесу, – дейді мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мадияр Конканов.
Кездесу кезінде мекеме қызметкерлері келушілерге сотталғандардың камераларын аралатып, демалыс бөлмелері мен асхананы көрсетті. Сонымен қатар сотталғандар туыстарымен бірге арнайы дайындалған дастарханнан басына жиналды және ән шырқап келушілерге өз өнерлерін тарту етті.