Алматының бас полицейі Ұлттық ұлан сарбаздарын полиция қатарында қызмет етуге шақырды
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінде әскери қызметшілермен кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Алматы қаласының Полиция департаменті – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ірі бөлімшелерінің бірі болып табылады. Бүгін мен кездесуге сіздерді ішкі істер органдарының қатарында қызмет етуді жалғастыруға шақыру үшін келдім. Қазіргі таңда біздің арамызда бұрын Ұлттық ұлан құрамында қызмет еткен қызметкерлер бар. Сіздер күн сайын заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етесіздер, сонымен қатар карантин күшейтілген кезеңде полициямен бірге қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалыстыңыздар, адал қызметтеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.
Сондай-ақ Алматы полициясының бастығы Ұлттық ұланның қызмет өткеру кезінде ерекше көзге түскен сарбаздарын мақтау қағаздары және алғыс хаттармен марапаттады.