Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

6 жыл бұрын көлік басқару құқығынан айырылған жүргізуші ұсталды

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері алты жыл бұрын көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізушіні ұстады, -деп хабарлайды Polisia.kz.

4 сәуір күні кешке Солтүстік Қазақстан облысы Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда учаскелік полиция инспекторы сенімсіз жүріспен ақырын жылжып бара жатқан “ВАЗ-21099” автокөлігін байқап қалады. Көлікті тізгіндеген 1985 жылғы жергілікті тұрғыннан алкогольдің иісі мүңкіп тұрды.

Медициналық куәландыруға сәйкес ол орташа дәрежедегі масаң күйде болған. Тексеріс кезінде ауыл тұрғынының бұдан бұрын жүргізуші куәлігінсіз рөлге отырып, сотты болғаны белгілі болды.

“Алғаш рет ол жүргізуші куәлігінен 2014 жылы айрылған, ол кезде комбайнға масаң күйде отырған, – деп түсіндірді Ғ. Мүсірепов ат. ауданның ПБ басшысы Айдос Ідірісов. – 2017 жылы екінші рет спирттік ішімдік ішкен күйінде көлікті басқарған және сол үшін сот шешімімен 100 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазасын өтеген. Қосымша жаза көлік құралдарын 3 жылға дейін басқару құқығынан айыру болды. Ағымдағы жылғы 11 қаңтардан күшіне енген заңнамадағы өзгерістерге байланысты енді жүргізуші 3 жылға дейін бас бостандығынан және өмір бойына басқару құқығынан айырылуы мүмкін”.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы (көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазіргі уақытта іс бойынша материалдарды сотқа тапсыруға дайындап жатыр. Күдіктінің көлігі арнайы тұраққа қойылды.

СҚО-да жыл басынан басқару құқығынан айырыла тұра, масаң күйінде рөлге отырған 15 жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру