Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Анықтаушылық қызметті абыроймен атқаруда

8 наурыз – Халықаралық Әйелдер күні мерекесі қарсаңында Polisia.kz редакциясы ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген полицей арудың бірі және бірегейі жайлы ақпарат ұсынбақ.

Сарыағаш аудандық полиция бөлімінде бес әйел азаматша шен тағып, ерлермен қатар қызмет атқаруда. Баршасыда қызметтік міндетін атқару барысында антына адалдық танытып, азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқық тәртібін қорғауға үлкен үлес қосып келеді.

Солардың бірі полиция майоры Айжан Төребекова. Көрікті де, келбетті қыз аудандық полиция бөлімінде аға анықтаушы болып қызмет атқаруда. Тәжірбиесі мол. Жауапкершілігі жоғары. Қандай істі болсын аса қырағылықпен орындайды.

– Полиция қызметкері болудың өзіндік қиындығы бар. Күн-түн демей жұмыс істеу керек. Уақыт талғамайды. Көп ізденуді талап етеді. Күнделікті өмірде небір адамдармен, оқиғалармен кезігеміз. Барлығына шыдаймыз. Себебі, өз мамандығымды жақсы көргендіктен сансыз қиындықты сезбей қаламыз, – дейді ол.

Айжан Сержанқызы Қарағанды облысы, Шахтинск қаласында дүниеге келген. Жергілікті жердегі мектепте білім алған соң, техникалық колледжде білімін жалғастырды. Кейіннен экономикалық институтта және Д.А.Қонаев атындағы университетте «Заңгер» мамандығын меңгерді. Еңбек жолын Әділет басқармасында аға инспекторы, Көші-қон басқармасының бастығы қызметтерін абыроймен атқарды.

2017 жылы отбасылық жағдайымен Сарыағаш ауданына қоныс аударды. Содан бері аудандық полиция бөлімінде аға анықтаушы болып еңбек етуде.

– Сарыағаш ауданы шекаралық аймақ болғандықтан мұнда өзге өңірлерден келіп кетушілер көп. Шекарадан есірткі алып өтпек болғандар, ұрлық жасаушылар, жалған құжат дайындаушылар ұсталып жатады. Барлығын анықтап, тиісті жұмыстарды жүргіземіз, – дейді полиция майоры.

Айжанның бойында нәзіктік, сыпайылық, биязылық бар. Ең бастысы жұмысқа деген жауапкершілігі жоғары. Әріптестері де араларында ару қыздың жүргенін мақтан етеді. Кәсіби қызметін жоғары бағалайды.

– Полиция қызметкері болу – менің бала күнгі арманым болатын. Менің туыстарымның көпшілігі органда қызмет етті. Соларға ұқсағым келіп менде полиция болуды мақсат етіп қойдым. Шен тағып, форма киюге қатты қызықтым. Арманым алдамады, бүгінде құқық қорғау саласында еңбек етіп келемін, – дейді ол.

Айжан Сержанқызы мылтық атуды жақсы меңгерген. Аудандық, қалалық жарыстардан да жүлделі орындарға ие болған. Сондай-ақ, қоғам тыныштығын күзету жолындағы ерен еңбегі үшін бірнеше рет Алғыс хаттармен марапатталған.

– Қай салада қызмет етсем де үлкен жауапкершілік деп қабылдаймын. Келген азаматтарға қол ұшын беріп, бағыт-бағдар көрсетеміз. Бізге әрбір істе қателесуге болмайды. Себебі, баршасының артында адам тағдыры тұр, – дейді Айжан Сержанқызы.

Осылайша ару қыз анықтаушылық қызметте тек жақсы жағынан ғана көрініп келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру