Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында пиротехникасы бар автокөлік өртенді

Ақмола облысында пиротехникасы бар автокөлік өртенді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

4 желтоқсанда сағат 21:45-те Бурабай ауданының полиция бөлімінің кезекші бөліміне Петропавловск қаласының 56 жастағы тұрғынынан Нұр-Сұлтан-Петропавловск автожолының 212 шақырымында DAF маркалы автокөлігінің жартылай тіркемесі жанғаны туралы телефон хабарламасы келіп түсті. Оқиға орнына келген патрульдік полиция батальонының қызметкерлері аумақты қоршады.

Көлік иесі жүк тасымалдаумен айналысады. Алматы қаласындағы базарлардың біріне 20-дан астам қорапты тиеп, ер адам оларды Щучинск қаласына жеткізуі керек еді. Жүргізуші қораптарда басқа тауарлардың арасында пиротехника болғанын білмеген. Жүргізушінің айтуынша, Щучинск қаласына бара жатып, ол айнадан жартылай тіркеменің түтіндегенін байқаған. Тоқтағаннан кейін жүк қораптары жанып жатқанын көрген ол жартылай тіркемені шешіп, көлікті қауіпсіз қашықтыққа айдап, полиция мен өрт сөндірушілерге қоңырау шалған.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 204-бабы (Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру) сотқа дейінгі тергеу басталды. Өрт-техникалық сараптама тағайындалды.

Өрт салдарынан DAF маркалы автокөліктің кабинасы зақымданбады, жартылай тіркеме толығымен жанып кетті. Полиция мен ТЖД қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, өрт тоқтатылды. Автожолдағы қозғалыс қалпына келтірілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру