Ақмола облысында полицейлер жолда жағдайы күрт нашарлаған жүргізушіге көмектесті
Көкшетау – Красный Яр автожолында патрульдік полиция қызметкерлері денсаулығы күрт нашарлаған жүргізушіге көмек көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Көкшетау – Красный Яр автожолында жүргізуші өзін жайсыз сезініп, айналасындағылардың назарын аудару үшін көлігінің алыс жарығын жағып-өшіре бастаған.
Жаңбырлы ауа райы мен жолдың нашар көрінуіне қарамастан тәртіп сақшылары Ербақыт Жұмажан мен Бексұлтан Рахымбек жүргізушінің белгісін байқап, дереу тоқтаған.
Көлікке жақындаған тәртіп сақшылары ер адамның кеудесін ұстап, аяғында әрең тұрғанын байқап, оны шұғыл түрде қалалық ауруханаға жеткізу туралы шешім қабылдады.
Ер адамды патрульдік көлікке отырғызып, полиция қызметкерлерінің бірі оның автокөлігін тізгіндеген. Тәртіп сақшылары қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, науқасты ауруханаға жедел жеткізіп, медицина қызметкерлеріне тапсырды.
Кейін жүргізуші полицейлерге жедел әрекеті, қамқорлығы мен жанашырлығы үшін алғыс білдірді.
Бұл оқиға полиция қызметкерлерінің қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, қиын жағдайға тап болған азаматтарға дер кезінде көмек көрсетудің маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады.
