Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында жол ережесін 13 рет бұзған жүргізуші анықталды

Ақмола облысында жол ережесін 13 рет бұзған жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

19 қыркүйекте патрульдік және әкімшілік полиция қызметкерлері “Қорғау” бағдарламасының көмегімен рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде Ваз 2115 автокөлігінің 29 жастағы жүргізушісі сақтандыру полисінсіз автокөлікті басқарғанын анықтады.

Жүргізушіге қатысты полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 230-бабы (Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заңнамасын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама жасады.

Деректер базасы бойынша одан әрі тексеру кезінде құқық қорғау органдары жүргізуші жыл ішінде жол қозғалысы ережелерін 13 рет бұзғанын, ал төленбеген айыппұлдар сомасы шамамен 400 мың теңгені құрағанын анықтады.

Заң бұзушылықтардың қатарында жылдамдық режимін асыра пайдалану, ұялы телефонды қолдану, бекітілмеген қауіпсіздік белдігі және басқалар бар. Құқық бұзушының автокөлігі айыппұл тұрағына қойылды.

Айта кетейік, “Қорғау” бағдарламасы Ақмола өңірінде 2022 жылдың желтоқсан айынан бастап жұмыс істейді. Қолданысқа енгізілген сәттен бастап осы бағдарламаның көмегімен бұрын басқару құқығынан айырылған 1480-ден астам жүргізуші, әкімшілік айыппұл төлеуден жалтарған 6000-ға жуық бұзушы анықталды, 429 көлік айыппұл тұрағына қамалды, сондай-ақ жалған нөмірлік белгілері бар көлік құралдарын басқарудың 6 фактісі анықталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру