Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да танымал әлеуметтік желі арқылы жасалған интернет-алаяқтықтың 90 дерегі тіркелді

СҚО-да танымал әлеуметтік желі арқылы жасалған интернет-алаяқтықтың 90 дерегі тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілдері ірі құрылыс дүкенінің ұжымымен және Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің 1-курс студенттерімен кездесті. Полицейлер жұмысшылар мен жастарға алаяқтардың құрығына түсіп қалмаудың қарапайым амалдары туралы айтып берді.

Жыл басынан облыс полицейлері Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде интернет-алаяқтықтың 442 фактісін тіркеді. Күдіктілерді анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде, бұдан бөлек бірқатар тергеу әрекеттері қолға алынған. Тіркелген фактілердің басым бөлігі: 156 факті – жалған банк қызметкерінің қоңырау шалуы әдісі бойынша, 90-ы – Instagram желісі арқылы; TikTok арқылы – 2, Одноклассники арқылы – 5 және Telegram мессенджерін қолдана отырып 9 факті болған. Сондай-ақ 48 интернет-алаяқтық OLX тегін хабарландырулар сайты арқылы, тағы 14 факті – Kolesa.kz пен krisha.kz сайттары арқылы жасалған. 3 фактіні қаскөйлер InDrive мобильдік қосымшасы арқылы іске асырған. Полиция қызметкерлері дүкен жұмысшылары мен менеджерлеріне қылмыскерлердің кең таралған схемалары туралы айтып, сұрақтарына жауап берді, профилактикалық сипаттағы бүктемелер таратты.

Жедел уәкілдер колледжде бірінші курс студенттері мен ұстаздарды да алаяқтардың әккі әрекеттері жайлы хабардар етті. Алаяқтар жәбірленушілердің шоттарынан ақшалай қаражаттарды заңсыз жолмен алу үшін жастарды пайдалануы мүмкін. Сондықтан жігіттер мен қыздардың қаскөйлердің қылмыстық әрекеттерінде дроппер, жалған тұлға ретінде қатысуының алдын алуға мән берілді. Осындай кездесулер Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі мен Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде де өткізілді.

– Еңбек ұжымдарындағы, кәсіпорындардағы, студенттер, тіпті оқушылар арасындағы профилактикалық түсіндіру сипатындағы кездесулерді жиі өткізіп тұрамыз. Үлкен сауда орындары мен шағын аудандар біздің назарда. Алдын алу жұмыстары қалалықтардың ғана емес, облыстың барлық аудандарының тұрғындарының арасында өткізіледі. Жадынамалар таратылып, әр адаммен жеке әңгімелесу жүргізіледі. Тәжірибе көрсеткендей, өңірдегі әр екінші зейнеткерге бейтаныс адамдар хабарласып, алаяқтықтың белгілері бар ұсыныстарын айтқан. Полицейлердің айтуынша, жеке басқа қатысты деректерді ешқашан ешкімге бермеген жөн. Алаяқтар қоңырау шалған жағдайда бірден тұтқаны қойып, өз банкіңіздің call-орталығына және полицияға хабарласу қажет, – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мадияр Харипов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру