Ақмола полицейлері мектеп психологтарының семинар-кеңесіне қатысты
Полицейлер Көкшетау қаласының жалпы білім беретін мектептері психологтарының семинар - кеңесіне қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу "Зерделі ұрпақ" үкіметтік емес ұйымының бастамасымен "Жастар арасында нашақорлықтың алдын алу" жобасын іске асыру аясында өтті.
Іс-шара аясында полицейлер қатысушыларға аймақтағы есірткі жағдайы туралы ақпаратты жеткізді. Есірткі заттарымен және психотроптық заттармен улану белгілеріне, сондай-ақ баланың оларды қолдануға бейімділігіне әсер ететін факторларға ерекше назар аударылды.
Жасөспірімдерді есірткіні қолдануға тарту механизмдері, сондай-ақ оған қалай қарсы тұру керектігі егжей-тегжейлі баяндалды.
Сонымен қатар, облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы А. Әлжанова өзінің практикалық жұмысында қолданатын девиантты мінез-құлықты балалармен жұмыс істеудің кейбір арт-терапиялық әдістерін көрсетті.
Семинар барысында кәмелетке толмағандар арасында есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша білім беру және үкіметтік емес блок өкілдерімен полицияның одан әрі ынтымақтастығының перспективалары белгіленді.