Ақмола тұрғыны құрбысының атына онлайн несие рәсімдеп алған
Ақмола тұрғыны құрбысының атына онлайн несие рәсімдеп алған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алаяқтық Есіл ауданының ауылдарының бірінде орын алған. 3 тамызда жергілікті полиция бөліміне 41 жастағы әйел алаяқтық туралы өтінішпен жүгінді. Өтініш берушінің айтуынша, 4 маусымда құрбысы оның ұялы телефонындағы қосымшаны пайдаланып, 625 мың теңге көлемінде заңсыз несие рәсімдеген.
Алғашқы материалдарды жинау барысында полицейлер сол күні екі құрбының кездесуі кезінде олардың бірі туыстарына қоңырау шалу үшін телефон сұрағанын анықтады. Шамамен 30 минуттан кейін құрбысы әйелдің телефонын қайтарған.
Келесі күні әйел телефонын алып, банктің мобильді қосымшасы жоқ екенін көріп, оны қайта орнатып, үлкен несие туралы білген.
Қазіргі уақытта күдікті Есіл қаласының 30 жастағы тұрғыны бұл әрекетін мойындады. Қылмыстық істі тергеу жалғасуда.