Ақмолалық полицейлер тас жолда істен шыққан көліктің жүргізушісіне көмектесті
Ақмолалық полицейлер тас жолда істен шыққан көліктің жүргізушісіне көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 қазанда Екатеринбург-Алматы автожолында ВАЗ-2114 автокөлігі істен шыққан.
Елорда бағытында жүріп келе жатқанда көліктің дөңгелегі жарылған, ал жүргізушіде қосалқы доңғалақ та, оны ауыстыратын құралдар да болмаған. Өтіп бара жатқан көліктер де тоқтамаған.
Осы уақытта республикалық трассаның бұл бөлігін полиция қызметкерлері Мирасбек Сексенов пен Қайрат Қалқенов құрамындағы патрульдік полиция батальонының экипажы күзетті.
Жол жиегінде тұрған жеңіл көлікті көрген тәртіп сақшылары бірден тоқтап, жүргізушіден қандай көмек қажет екенін сұрады. Мәселені білген тәртіп сақшылары бірден қол ұшын созды: қажетті құралдарды, қосалқы дөңгелекті тауып, оны орнатуға көмектесті.
Полиция қызметкерлеріне алғыстарын білдірген жастар жолдарын жалғастырды.