Ақмолалық тұрғын сатушының мотоциклін алаяқтықпен иемденген
Ақмолалық тұрғын сатушының мотоциклін алаяқтықпен иемденген, – деп хабарлайды Polisia.kz.Аталған деректі полиция бөлімі ҚР ҚК-нің 190-бабының 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Целиноград аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғынның осы жылдың 24 сәуірінде бейтаныс жас жігіт өзіне тиесілі Racer Racer sport маркалы мотоциклді алдап иемденгені туралы мәлімдемесі келіп түсті. Залал сомасы 320 мың теңгені құрады.
Өтініш беруші мотоциклді сату туралы хабарландыру сайтына орналастырғаны алдын ала анықталды. Клиент жасырын нөмірден қоңырау шалып, кейінірек көлікті көруге келген.
Жәбірленушінің айғақтарына сәйкес, әлеуетті сатып алушы жолда жүріп келуге, көлікті тексеруге ниет білдіріп, сатушыға кепіл ретінде кейінірек анықталғандай, ақаулы телефон мен пәтердің кілттері деп кілттер қалдырған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында алаяқтыққа қатысы бар адам анықталды. Заттай дәлел, атап айтқанда мотоцикл тәркіленді. Істің өзге мән-жайлары анықталып жатыр.