Ақтөбе облысы ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасының үйіне интернет желісін орнатты
Темір аудандық пробация қызметі азқамтылған, көпбалалы сотталғанның балаларының онлайн білім алуына мүмкіндік сыйлады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Темір аудандық пробация қызметінің ұйымдастыруымен, пробация қызметінің есебінде тұрған азқамтылған, көпбалалы сотталғанның үйіне интернет желісі тегін орнатылды.
Транстелеком АҚ-ның Ақтөбе транстелеком филиалының Шұбарқұдық бөлімшесінің қызметкерлері және пробация қызметінің бірлесуімен, аталған іс- шара «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асты.
– Аталған іс- шара- Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға әлеуметтік- құқықтық көмек көрсету аясында жүзеге асты. Яғни, сотталған азаматтың үйіне тегін интернет желісін орнатып беру арқылы балаларының онлайн жүйесінде білім алуларына мүмкіндік сыйлағымыз келді.
Сонымен қатар, пробация қызметі тарапынан көрсетіліп жатқан осындай қолдауларды есепте тұрған сотталған азаматтар түсініп, қайта қылмысқа бармай, жауапкершілікті сезінсін деген ниет, – дейді Темір аудандық пробация қызметі бөлімшесінің бастығы Ренат Жұмабаев.