Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында мас жүргізуші жаяу жүргіншіні қағып кетті

Алға қаласында мас жүргізуші жаяу жүргіншіні қағып кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жол апаттарының негізгі себептері: жылдамдық режимін сақтамау, қарсы жолаққа шығу, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің жүріс бөлігі арқылы өту ережелерін бұзу.

Мәселен, 11 қыркүйекте Алға қаласында “ВАЗ 21122” автокөлігінің 21 жастағы жүргізушісі Жангелдин көшесімен жүріп келе жатып, жолдың жүру бөлігін солдан оңға қарай өтіп бара жатқан, Шалқар қаласының 54 жастағы тұрғынын қағып кетті. Нәтижесінде жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды.

Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-1-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Осы баптың санкциясы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жыл мерзімге айыра отырып, жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.

Жол-көлік оқиғаларының талдауына сәйкес, ағымдағы жылдың сегіз айында жүргізушілердің кінәсінен 357 ЖКО тіркелген. Жол апаты салдарынан 67 адам қаза тауып, 482 адам жарақат алды.

– Жүргізушілердің кінәсінен жол-көлік оқиғаларының саны артып келеді. Оқиға салдарынан жазықсыз адамдардың қайтыс болатыны немесе жарақат алатыны өте өкінішті. Мас жүргізушілердің кінәсінен апаттардың алдын алу облыс полициясының басым міндеті болып қала береді. Жол қозғалысын күнделікті қадағалау және мас күйінде көлік жүргізу фактілерінің жолын кесу бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізілуде, – деп атап өтті ПД бастығы Атығай Арыстанов.

Полиция қызметкерлері жүргізушілермен түсіндіру, оқыту жұмыстарын жүргізеді. Осыған қарамастан, жүргізушілер жол ережесін бұзуды тоқтатар емес. Сондықтан алдағы уақытта жол қозғалысы ережелерін бұзушылардың барлығы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде қарастырылған тәртіпте жауапкершілікке тартылатын болады. Осы бап бойынша бірнеше рет жауапқа тартылған жүргізушілер жол қозғалысы ережелері бойынша қайта емтихан тапсыратынын еске саламыз.

Ақтөбе облысының Полиция департаменті жүргізушілерден сақ, қырағы болуды, жылдамдық режимін, қашықтықты сақтауды, жаяу жүргіншілер өткеліне жақындаған кезде қозғалыс жылдамдығын төмендетуді және барынша ынтымақтастық танытуды сұрайды. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілерге жолда абай болуға кеңес береміз, көлбеу беті бар жерлерді айналып өтуге тырысыңыз, қауіпті жолда өте мұқият болыңыз, асықпаңыз және жүгірмеңіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру