Ақтөбе облысында пробациялық бақылаудан жалтарған есептегі сотталған бас бостандығынан айырылды
Ақтөбе облысында пробациялық бақылаудан жалтарған есептегі сотталған бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тонау бабы бойынша 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталған Мұғалжар ауданының тұрғыны Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметі бөлімінің есебіне 2022 жылдың шілде айында алынған.
Есепке қою кезінде Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметкерлері сотталған Б. есімді азаматқа сот жүктеген міндеттерді орындау, жаза өтеу тәртіптерін бұзбау және бақылаудан жасырынбау міндеттерін түсіндіріп, жаза өтеу тәртібін бұзған жағдайда жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылатындығы жөнінде ескертеді. Алайда пробация қызметкерлерінің ескертуіне құлақ аспаған сотталған Б. сотпен жүктелген міндеттерді орындамаған: пробация қызметіне уақытылы белгіленуге келмей, қасақана пробациялық бақылаудан жасырыну мақсатында тұрғылықты мекенжайын тастап кеткен.
Пробациялық бақылаудан қасақана жалтарғаны анықталған есепте тұрған сотталғанға аудандық соттың қаулысымен іздеу жарияланып, 2023 жылдың қаңтар айында сотталған Б. бақылаудан жасырынған жерінен табылып, полиция бөлімінің қызметкерлері және күзетпен ұсталды.
Жуырда Мұғалжар аудандық сот залында аталған сотталған Б.-ға қатысты ашық сот отырысы өтіп, оған пробация қызметінің есебінде тұрған басқа да сотталғандар «сабақ алу» мақсатында қатыстырылды. Ашық сот отырысында сотталған Б.-ның сотпен жүктеген міндеттерді орындамай бақылаудан қасақана жасырынғаны үшін бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.