Ақтөбе облысында пробациялық бақылаудан жалтарған сотталған ұсталды
Ақтөбе облысында пробация қызметкері пробациялық бақылаудан жалтарған есептегі сотталғанды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Байғанин аудандық пробация қызметінің инспекторы Арслан Төлеушов пробациялық бақылаудан жалтарып, тіркеуге келмей жүрген есепте тұрған азаматты ұстады.
Ұрлық жасағаны үшін сот шешімімен есепке алынған сотталған азаматқа Байғанин аудандық пробация қызметкерлері есепке алынған күннен бастап жаза өтеу тәртібі мен шарттарын түсіндіріп, жаза өтеуден жалтарған жағдайда жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылатындығы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Алайда 43 жастағы аудан тұрғыны есепке алынғанына аз уақыт өтпей жатып, тіркеуге келмей қояды. Осыған байланысты Сот үкімімен алғашқы іздестіру шарасы жарияланып, Байғанин аудандық пробация қызметінің инспекторлары сотталғанды тұрғылықты жері бойынша тексереді.
Көрсетілген мекенжайда тұрмайтыны анықталғаннан кейін Байғанин аудандық пробация қызметінің қызметкерлері уақытқа бағынбастан жаза өтеуден жалтарған азаматты іздейді. Құқық қорғау қызметкерлерінің бұл әрекеті көп ұзамай жақсы нәтижесін береді. Бір айға жуық уақыт өтпей күшейтілген жұмыстар арқасында Байғанин аудандық пробация қызметінің инспекторы Арслан Төлеушов жазадан жалтарған азаматты Ақтөбе қаласындағы достарының үйінде бой тасалап жүрген жерінен тауып, ұстайды.
– Пробациялық бақылаудан жалтарған есепте тұрған сотталған жедел- іздестіру іс-шаралары кезінде Байғанин аудандық пробация қызметінің инстпекторы Арслан Төлеушовтің қырағылығының және күшейтілген нәтижелі жұмыстары барысында ұсталып, 1 жыл 4 ай 26 күнге бас бостандығынан айыру мекемесіне қамалды, – дейді Байғанин аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Мейрамбек Бакес.