Ақтөбе облысының Полиция департаменті оқу орындарына тексеру жүргізді
Ақтөбе облысының Полиция департаменті облыстың барлық оқу орындарына тексеру жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрлігі Қазақстан Республикасының Білім министрлігімен бірлесіп, оқу орындарындағы қауіпсіздікті күшейту жөнінде түбегейлі шаралар қабылдады.
Бүгінгі күні Ақтөбе облысының Полиция департаменті облыстың барлық оқу орындарының терроризмге қарсы қорғалуына мұқият тексеру жүргізді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында барлық жалпы білім беру мекемелері (412 мектеп) бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған (7074 камера, сыртта – 2644, ішінде – 4430). Бүгінгі күні Жедел басқару орталығымен және полиция бөлімдерінің кезекші бөлімдерімен қолданыстағы бейнебақылау камераларын интеграциялау бойынша жұмыс жүргізілуде (ағымдағы жылдың 31 тамызына Ақтөбе қаласының 28 мектебінен 76 бейнебақылау камерасы шығарылды).
Сондай-ақ, оқу орындарында металл детекторлар, турникеттер, дабыл түймелері орнатылды (87 мектепте турникеттер бар).
ПД бастығы Атығай Арыстановтың айтуынша, жекелеген мектептерде ҚББЖ (қолжетімділікті бақылау және басқару жүйесі) жүйесі қолданылады, онда төменгі сынып оқушылары мектепке арнайы электрондық білезіктермен өтетін болады, олардың көмегімен ата-аналар өз балаларын бақылай алады. Ал жоғары сынып оқушылары мектепке кірген кезде электрондық карточкаларды пайдаланатын болады.
Сонымен қатар, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде оқу орындарында мамандандырылған қорғаудың болуы маңызды рөл атқарады. Қазірдің өзінде 120-ға жуық орта мектеп күзет ұйымдарымен келісімшарт жасасты.
Күзет фирмаларының қызметкерлері учаскелік полиция инспекторларымен тікелей өзара іс-қимыл жасайды, оқу жылының басынан бастап оларға қосымша оқыту мен нұсқама өткізу жоспарланған.
Өңірде жасөспірімдер қылмысы деңгейінің төмендеуіне қарамастан (-28%, 54-тен 39-ға дейін), оның алдын алу мәселелері полиция қызметінде басым мәселелердің бірі болып қала береді.
Қыркүйек айында облыс мектептерінің ең көп санын интернет желісін қоса отырып, жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша Бірыңғай интерактивті сабақ (онлайн режимінде) өткізу жоспарланған.
Ағымдағы жылғы 23 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында облыс аумағында балалар арасында жол-көлік жарақатының алдын алуға бағытталған «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
Полиция департаменті мектептер орналасқан жерлерде және іргелес аумақта көше-жол желісіне тексеру жүргізді, оның нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктерді жоюға 53 ұйғарым берілді, қосымша 61 жол белгісі орнатылды, екі мың шаршы метр жол таңбасы түсірілді, 2500 шаршы метрде шұңқыр жөнделді, 31 орында жасанды жол кедір-бұдырлығы орнатылды.
– Бүгінгі таңда жол-көлік жарақатының алдын алу мәселесі көңіл көншітпейтін статистикаға байланысты өте өзекті. Ағымдағы жылдың басынан бері облыс жолдарында балалардың қатысуымен 63 ЖКО орын алды, онда 2 кәмелетке толмаған бала қаза тауып, 75 бала түрлі жарақат алды. Зардап шеккендердің жалпы санынан 27 жаяу жүргінші, 48 көлік құралының жолаушысы, 3 велосипедші және 1 скутер жүргізушісі болды.
Оқу жылының басталуына байланысты оқушыларға да, олардың ата-аналарына да жүгініп, оқу орындарының қабырғасында да, одан тыс жерлерде де қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттілігі туралы жеткізгім келеді, бұл біздің балаларымыздың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді, – деп түйіндеді Атығай Арыстанов.