Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе полицейлері Республика күнін ерекше атап өтті

Ақтөбе полицейлері Республика күнін ерекше атап өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция департаментінде 24 қазанда Қазақстан Республикасының Туы әкелініп, Гимні шырқалуымен басталған салтанатты шараның ресми бөлігінде марапаттау рәсімі жүргізілді.

Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің бұйрығымен бірнеше қызметкерге арнайы атақтар табысталды, сонымен қатар департамент басшысы Абай Жусупов мереке құрметіне орай, қызметін абыройлы атқарып жүрген тәртіп сақшыларын төсбелгілермен, медальдармен, грамоталармен марапаттады.

Ұрпақтар сабақтастығы да назардан тыс қалған жоқ. Өзінің білімі мен тәжірибесін жас қызметкерлермен бөлісіп жүрген 6 аға буын ардагер марапатталып, отбасында алған игі тәрбиесін жұмыспен ұштастырып жүрген 3 жас полицейдің және марапатталған қызметкерлердің ата-аналары арнайы шақырылып, алғыс хаттар табысталды.

Мерекелік шараның концерттік бөлігі жеке құрамның ерекше есінде қалды. Себебі мұнда сақшылардың балалары ән шырқап, би биледі.

Ақтөбе қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының взвод командирі Жетписбаев Канаттың қызы Тұрсынайдың, Мұғалжар ауданы ПБ бастығының орынбасары Абдуллин Тавкенің ұлы Рахманның, көші-қон қызметі басқармасының қызметкері Буркитова Мираның қызы Аяжанның, жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Абдрешев Артурдың қызы Аяулымның сахна төрінде шырқаған патриоттық әндері полицейлерге тамаша әсер берсе, №4 ҚПБ кезекші бөлімінің бастығы Алданаев Амангелдінің ұлы Бибарыстың, патрульдік полиция батальонының қызметкері Махин Мақсаттың қызы Адэляның билері көрермендерге қол соқтырды.

Ал мерекелік сахнада кадр саясаты басқармасының қызметкері Төлесинов Арманның ұлы Шахнұрмен бірге, жедел басқару орталығының аға инспекторы Шаймағамбетов Мерекенің қызы Мединамен бірге әкелі-балалы болып шырқаған әндері ерекше көңіл-күй мен толқыныс сыйлады.

Абай Жусупов жас таланттарға шығармашылықта табыс мен жарқын болашақ тілеп, елімізді әлемдік сахнада жерлес ағалары Димаш Құдайберген сияқты дәріптей беруге тілек білдірді.

Ерекше әсерлі өткен шараның соңында балақайларға арнайы сыйлықтар тапсырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру