Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде 32 сотталған оқу жылын аяқтады

Ақтөбеде түзеу мекемесі жанындағы кешкі мектептің биылғы оқу жылын 32 сотталған аяқтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168/2 түзеу мекемесінің жанындағы кешкі мектепті бітірген жазасын өтеуші сотталғандар жалпы орта білім алғаны туралы аттестат алды.

Жалпы, КА-168/2 қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінің жанындағы кешкі мектептің биылғы оқу жылын барлығы 32 сотталған-оқушы аяқтады. Оның ішінде 16 сотталған-оқушы 11-сыныпты тәмамдаса, 13 сотталған-оқушы 10-сыныпты, ал қалған 3 сотталған 9-сыныпты бітірді.

«Түлектерге ақ жол!» мерекелік іс-шараны салтанатты түрде ашқан кешкі мектептің директоры Шәмшат Жұбай, мектепті бітіруші түлектерді бүгінгі атаулы күнмен құттықтап, бостандыққа шыққан кезде осы аттестат арқылы алған білімдерін әрі қарай жоғары оқу орындарында жалғастыра алатындарын айтты. Бұдан әрі құттықтау сөзін алған КА-168/2 мекемесінің САӘПТЖ бөлімінің бастығы Төлеутай Тұрмұханов сотталғандарға жазасын өтеп шыққаннан кейін кешкі мектептен алған білімдерімен шектеліп қалмай, мамандық иесі атанып, еңбек етіп, отбасыларын асырауға болатынын айтып, бағыт-бағдар берді.

– Заң бойынша түзеу мекемелерінде жасы 30-ға дейінгі сотталған орта білім алуға міндеттеліп, оларға сауат ашудың қажеттілігі туралы тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Дегенмен, 30-дан асқан сотталғандар арасында да осындай аттестаты жоқтары кездессе, олар өз еріктерімен білім алуға өтініш білдіре алады. Биылғы жылы кешкі жалпы білім беретін мектепті бітіргендердің арасында жасы 48-ден асқан сотталған да бар және олар әртүрлі өмірлік жағдайларына байланысты бостандықта орта мектепті аяқтай алмағандар. Негізі, білім алу қай жаста болса да кеш емес. Сондықтан қамауда отырса да мемлекет тарапынан берілетін осындай керемет мүмкіндікті пайдаланған жазасын өтеушілер бостандыққа шыққаннан кейін кешкі мектепте алған білімдерін әрі қарай жалғастырады деп сенеміз, – дейді Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.

Аттестат тапсыру іс-шарасы аяқталған соң түзеу мекемесі жанындағы кешкі мектеп оқушылары өздері дайындаған концерттік бағдарламасын қойып, сабақ берген ұстаздарына ризашылықтарын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру