Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбедегі түрмеде жас жұбайлар некесін қиды

Ақтөбедегі түрмеде жас жұбайлар некесін қиды, – деп хабарлайды Polisia.kz

Қалыңдық темір тордың ар жағындағы сүйіктісімен заңды некесін қидыру үшін мекемеге жалғыз келді. Әдемі ақ фатамен, ақ көйлекпен сәнденіп келген қалыңдықтың түзеу мекемесіне келуі – түрмені әп-сәтте жылулыққа бөлеп жібергендей болды. Өміріндегі жауапты да, маңызды сәтте оның қуанып, әрі толқып тұрғаны жүзінен байқалып тұрды.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты КА-168/2 түзеу мекемесі әкімшілігінің мәліметінше, некені заңдастыруға түрме де кедергі болмайды. Неке және отбасы туралы кодекске сәйкес, сотталғандардың да неке қиюға құқы бар. АХАЖ бөлімінен келген маманның айтуынша, Ақтөбедегі түрмелерде неке қию рәсімінің өткізілуі бірінші рет емес. Ал КА-168/2 түзеу мекемесіндегі аталған неке биылғы жылға 20-шы болып тіркелген. Жалпы, АХАЖ маманы осындай рәсімдерді атқаруға түзеу мекемелеріне кейде апта сайын келетіндіктерін айтты.

– Бұған дейін үйлену біздің жоспарымызда болған еді. Осы қыста сүйіктіме ұсыныс жасағанмын. Тойымызды жазда жасаймыз деп келіскенбіз. Бірақ қыста істі болып, жоспарымыз болмай қалды. Соған қарамастан, бүгін міне, заңды некемізді қидырдық. Ендігі арманым – бостандыққа тезірек шығып, сүйіктім және отбасыммен бірге бақытты өмір сүріп, арман-тілектерімізді бірге жүзеге асыру, – дейді 27 жастағы күйеу жігіт.

ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша 5 жылға сотталған күйеу жігіттің бостандыққа шығуына 4 жыл бар. Ақтөбе қаласының тумасы болып келетін қалыңдық күйеуі бостандыққа шыққанша жұмысқа тұрғысы келетінін және күтетінін айтты. Сонымен қатар, қалыңдық өміріндегі маңызды іс- шараға ақ қөйлек, ақ фатамен сәнденіп келгендегі мақсаты – отбасылық өмірді үстіндегі көйлектей аппақ ниетпен бастағысы келетінін айтып, ағынан жарылды.

– Түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілердің некесін қидырудың өз пайдасы бар. Некесін қидырып, отбасылы болған жазасын өтеуші азамат жауапкершілікті сезініп, түзелу жолына түсіп, жаза өтеу барысында өзін жақсы жағынан көрсетуге және отбасына тезірек оралуға тырысады. Сол секілді бүгін некесін қидырған сотталғанның жаза өтеу барысында да тәртібі жақсы болып, отбасына тезірек оралатынына сенім артамыз, – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру