Ақтөбеде балаларға қызметтік иттің жұмысы таныстырылды
Ақтөбеде балаларға қызметтік иттің жұмысы таныстырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбеде Халықаралық балаларды қорғау күні кең көлемде аталып өтті. "Қазақ халқына мың алғыс" стеласы алаңында қала тұрғындары мен қонақтары үшін концерттік бағдарлама, ойындар мен түрлі көңілді шаралар ұйымдастырылды.
Мерекеге полиция қызметкерлері де белсенді қатысты. Балалар үшін фотокөрмемен қызметтік техникалардың көрмесі ұйымдастырылып, келушілер полиция бөлімшелерінің материалдық-техникалық жабдықтарымен танысты. Сонымен қатар олар патрульдік автокөлікке отырып көріп, құқық қорғау органдарының қызметі туралы қызықты мәліметтер алды.
Қонақтардың ерекше қызығушылығын жылжымалы криминалистикалық зертхана тудырды. Полиция қызметкерлері арнайы құрал-жабдықтарды көрсетіп, қылмыстарды ашуда қолданылатын заманауи әдістер туралы әңгімеледі. Мерекенің басты жұлдызы Барон есімді қызметтік ит болды. Төрт аяқты сақшы балалардың бірден сүйіктісіне айналды. Кішкентай ақтөбеліктер Баронды сипап, онымен естелікке суретке түсіп, кинологтың командаларын қалай орындайтынын қызыға тамашалады.
Ақылды әрі мейірімді ит балалармен қуана араласып, олардың жүздеріне күлкі сыйлады. Кинологиялық қызмет мамандары балаларға қызметтік иттерді даярлау ерекшеліктері, олардың есірткі заттарын іздеудегі, адамдарды іздестірудегі және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі туралы айтып берді.
Балалар полицияның төртаяқты көмекшілерінің маңызды әрі жауапты қызметі жайында көптеген қызықты ақпарат алды. Мерекелік шара балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, полиция қызметкерлерімен және Баронмен болған әсерлі кездесу олардың жадында ұзақ сақталары сөзсіз.
