Ақтөбеде карантин кезінде қайырымдылық шараларына белсенді қатысқан сотталғандар марапатталды
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты Алматы аудандық пробация қызметінің қызметкерлері өздерінің ұйымдастыруымен төтенше жағдай кезінде тұрғындарға қолдау көрсету іс-шарасына қатысқан есепте тұрған сотталғандарды Алғыс хаттармен марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Марапаттау іс-шарасы- Абай Құнанбаевтың 175 жасқа толу мерейтойы аясында ұйымдастырылды.
Алматы аудандық пробация қызметі бастығының міндетін атқарушы Айған Алмағамбетованың айтуынша, ҚР Президетінің жарлығымен «2020 жыл – Еріктілер жылы» болып жариялануына байланысты, аталған пробация қызметінің қызметкерлері жыл басынан бері есепте тұрған сотталғандарды бірқатар қайырымдылық шараларына қатыстырып келеді. Олар: елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты карантин кезінде Ақтөбе қаласындағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік және дәрі-дәрмекпен көмек көрсету, короновирус індетінің алдын-алу мақсатында саябақтарда серуендеген қала тұрғындарына бетперделер мен жадынамалар тарату, емханаларға төсек-жабдықтар мен оттегі баллондары жеткізіп беру т.б. жұмыстар.
– Еріктілерді марапаттаудағы мақсат- Пробация қызметі тарапынан ұйымдастырылған кез келген қайырымдылық шараларына белсенді қатысып келген: Алматы аудандық Пробация қызметінде тұрған есепте тұрған сотталғандарға мотивация беріп, алдағы күндері де өзгелерге қол ұшын созуға арналған осындай ізгі шараларға қатысуға шақыру. Сонымен қатар, осындай тәрбиелік мәні бар шаралар арқылы оларды түзу жолға шақырып, жүректеріне мейірім сыйлап, өзгеге қуаныш сыйлаудың қаншалықты жағымды болатынын сездіру. Бір жағынан, мұндай іс-шаралар- есепте тұрған сотталғандардың алдағы күндері мерзімінен бұрын бостандыққа шығуына да көмектеседі,- дейді Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметі бастығының міндетін атқарушы Айған Алмағамбетова.
Айта кету керек, аталған іс-шараға Алматы аудандық пробация қызметімен бірге қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға атсалысқан Ақтөбе қаласының «Жүректен жүрекке» еріктілер тобының жетекшісі Әлишер Садық және «Қайырымды жандар» еріктілер тобының мүшесі Еламан Байғозиндер арнайы шақырылды. Шара барысында сөз сөз алған қонақтар Пробация қызметіне әріптестікте қызмет еткені үшін және ұлықтау шарасы үшін алғыстарын айтып, есепте тұрған сотталғандарға қайырымдылық жасаудың жақсы тұстарын әңгімелеп берді.