Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде полицейлер мен банк қызметкерлері 75 жастағы зейнеткерді интернет-алаяқтардан қорғап қалды

Ақтөбеде полицейлер мен банк қызметкерлері 75 жастағы зейнеткерді интернет-алаяқтардан қорғап қалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбеде банк қызметкерлерінің қырағылығы мен полицейлердің жедел әрекетінің арқасында 75 жастағы зейнеткердің жинақ ақшасы интернет-алаяқтардың арбауына түсуден аман қалды.

Белгілі болғандай, зейнеткердің Telegram мессенджеріне "Динара – путь к свободе" атты бот арқылы барлық Қазақстан азаматтарына тиесілі деген жалған өтемақылар мен әлеуметтік төлемдер туралы хабарламалар келген. Алаяқтардың сөзіне сенген әйел олардың нұсқауымен ақшалай қаражатын аудармақ болған.

8 шілде күні ол банк бөлімшесіне барып, алаяқтар көрсеткен есепшоттарға зейнетақысынан қалған 120 мың теңгені аударуға әрекет жасаған.

Клиенттің интернет-алаяқтардың ықпалына түскенін байқаған банк қызметкерлері бұл туралы дереу Ақтөбе облысы полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасына хабарлаған.

Полицейлер жедел түрде банкке келіп, зейнеткермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар интернет-алаяқтардың қолданатын айла-тәсілдерін түсіндіріп, әйелді ақшаны аударудан бас тартуға көндірді.

Банк қызметкерлері мен киберполицияның үйлесімді әрі кәсіби әрекетінің нәтижесінде кезекті интернет-алаяқтықтың жолы кесіліп, зейнеткердің жинақ ақшасы сақталып қалды.

Полиция азаматтарды мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таралатын "өтемақы", "әлеуметтік төлем" немесе "жеңіл табыс" туралы жалған ақпаратқа сенбеуге шақырады. Бейтаныс адамдардың нұсқауымен ақша аудармаңыз, жеке деректеріңіз бен банк картасының мәліметтерін ешкімге бермеңіз. Күмәнді жағдай туындаған жағдайда бірден банкке немесе полицияға хабарласқан жөн.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру