Ақтөбеде полицейлер жолдарды дрон арқылы бақылайды
Ақтөбеде полицейлер жолдарды дрон арқылы бақылайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбеде "Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шараларды күшейтті. Жол апаттарының алдын алу мен жолын кесуге бағытталған ауқымды профилактикалық жұмыстар аясында олар жол қозғалысын әуеден бақылау үшін бейнекамералармен жабдықталған дрондарды пайдалана бастады.
Қазіргі уақытта патрульдік полиция ұшқышсыз аппараттарды қала сыртындағы жолдардың қозғалыс қарқыны тығыз, әрі апаттық қауіпті учаскелерінде қолданып жатыр. Полицейлердің мәліметінше, облыста жыл басынан бері 1641 жол апаты орын алса, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдарда орын алған қайғылы жол апаттарының 80 пайызы жүргізушілердің қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығуы салдарынан болған. "Қауіпсіз жол" ЖПІШ басталғалы 3 күн ішінде облыс аумағында әуеден бақылау арқылы қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шыққан 60 жүргізуші анықталды.
– Бүгінде Ақтөбеде полиция дрондармен жабдықталған. Бұл құрылғылар, әсіресе қала сыртындағы трассаларды патрульдеуде өз тиімділігін көрсетіп отыр. Қазіргі уақытта қарсы бағытқа шығып, қауіпті маневрлер жасауға жол берген жүргізушілер жауапқа тартылып жатыр. Сонымен қатар, олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін сақтау барлық қатысушылардың қауіпсіздігі үшін маңызды екенін еске салудамыз, – дейді Ақтөбе облысы ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Еркін Өтеген.
Естеріңізге саламыз, жүргізушінің қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығуы жүргізуші куәлігінен алты ай мерзімге айыру түріндегі әкімшілік жауапкершілікке алып келеді.
