Ақтөбеде пробация есебінде тұрған сотталғандар ауған ардагерімен кездесті
Ақтөбеде пробация есебінде тұрған сотталғандар ауған ардагерімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Ақтөбе қаласының Астана аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған жастар өңірдегі жоғары оқу орны студенттерімен бірге «Ауғанстан соғысының ардагерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Қойлыбаевпен кездесті.
Сондай-ақ, іс-шараға ҚР Қорғаныс министрлігінің Ақтөбе қаласының Астана және Алматы аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының тәрбие, идеологиялық, әскери патриотты жасау бөлімінің бастығы Ізбасқан Кутанов та қатысты.
С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен «Өмір сабақтары» атты кездесуде қанды шайқастарға қатысқан ауған ардагері студенттер мен пробация есебінде тұрған сотталғандарға ауған соғысының шындығы жөнінде әңгімеледі.
– Өскелең ұрпақ бейбіт өмірді сақтауға ұмтылып, түрлі араңдатушылыққа бой алдырмауы қажет, – деген пікірін ортаға салды ауған ардагері Марат Қойлыбаев.
Іс-шара барысында оған қатысушы жастар әскери өмір, ұлттық рух жөнінде сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.