Ақтөбеде пробация есебіндегі сотталған 1,2 млн теңге қайтарымсыз грант ұтып алды
Ақтөбеде пробация есебіндегі сотталған 1,2 млн теңге қайтарымсыз грант ұтып алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азамат сүт өнімдерін дайындау және өткізу бойынша бизнес жобасын қорғап, 1 млн 225 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алды.
Бизнес жобаларды қарайтын комиссия отырысында барлығы жеті жоба ұсынылды. Оның ішінде Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация есебінде тұрған сотталғанның бизнес жоспары мақұлданып, оның кәсібін дамытып, кәсіпкер атануына мүмкіндік берілді.
– Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың пробация қызметкерлерінің ықпалымен әлеуметтік бейімделуі, яғни жұмысқа орналасуы немесе өз кәсібін ашулары олардың қоғамға тез бейімделіп, қайта жасауы мүмкін қылмыстың алдын алуға көмектеседі, – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД-ның баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.
Айта кету керек, бұған дейін пробация есебінде тұрған сотталған Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробациясы қызметкерлерінің қолдауымен Атамекен ҰКП-ның «Бизнес бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері курстарында білім алған.