Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде пробация қызметінің қолдауымен қайтарымсыз грант ұтқан ақтөбелік 3 сотталған өз кәсіптерін ашты

Ақтөбеде пробация қызметінің қолдауымен 584 мың 400 теңге қайтарымсыз грант ұтқан ақтөбелік үш сотталған өз кәсіптерін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Мұғалжар аудандық пробация қызметінің қолдауымен пробация есебінде тұрған үш сотталған «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы арқылы 584 мың 400 теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, кәсіп ашты.

Темір тордан босап, Пробациялық бақылауға алынған үш сотталғанның жеке кәсіптеріне қол жеткізуі үшін Мұғалжар аудандық пробация қызметі оларды «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша «Кәсіпкерлік негіздері» курсына оқытты. 16 мың теңге шәкіртақы алумен қатар, оқу курсы кезінде тәжірибе жинақтаған сотталғандар өздерінің бизнес жобасын сәтті қорғап, нәтижесінде 584 мың 400 теңге қайтарымсыз грант ұтты.

Қайтарымсыз грантқа сатып алынған құралдарды дайындау үшін екі сотталған тапсырыстар әлеуметтік желі арқылы көп түсетінін айтты. Ғ. есімді сотталған қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүріп, тәртібінің жақсы болуына байланысты мерзімінен бұрын шартты түрде босатылып, пробациялық бақылауға алынады. Екі бас сауынды сиыр малын өсіріп, құрт, май өнімдерін алып отырған ол Пробация қызметінің ықпалымен арманын жүзеге асырып, болашақта шаруа қожалығын үлкейтіп, жұмысшылар санын көбейтіп, қоғамға өз үлесін қоссам дейді.

Сондай-ақ, бас бостандығынан шектеу жазасы мен пробациялық бақылауға алынған отбасының жалғыз асыраушысы, кәмелетке толмаған төрт бала тәрбиелеп отырған сотталған азаматша А. қайтарымсыз грантқа сатып алған жаңа құралдарымен кәсібін жандандырып, жартылай дайындалатын өнімдерге әлеуметтік желі арқылы тапсырыс қабылдап, кәсібін айналдырып отыр. Болашақта кәсібін үлкейтіп, өзі секілді есепте тұрған сотталғандарды жұмысқа алуды жоспарлауда.

Ал қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылып, пробациялық бақылауға алынған сотталған Е. фастфуд тағамдарын дайындайтын шағын бөлмеде донерге тапсырыстар қабылдайды. Оның 584 мың теңге қайтарымсыз грантқа фастфуд тағамдарын дайындайтын құрал-жабдықтарды сатып алуына да пробация қызметкерлері көмектесті.

– Пробация есебінде тұрған үш сотталған да жоғарыда аталған кәсіп түрлерімен айналысқылары келетіндігі жөнінде өтініш білдіргендіктен, біз оларды Мұғалжар аудандық Жұмыспен қамту орталығына жолдадық, одан әрі «Атамекен» ҚР ҰҚП жанындағы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, білім алды, – дейді пробация қызмектерлері.

Жалпы, істі болған сотталған азаматтарға көрсетілетін мұндай қолдаулар олардың қоғамға тез бейімделулеріне және қайта қылмыстың алдын алуға септігін тигізетіні сөзсіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру