Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде пробация қызметкеріне пара ұсынған сотталғанға айыппұл салынды

Ақтөбеде пробация қызметінің инспекторын парамен сатып алғысы келген есептегі сотталған ұсталып, айыппұл арқалады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өзіндік қауіпсіздік қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралар барысында ҚР ҚК-нің 297-бабы бойынша сотталған 40 жастағы ақтөбелік азаматтың пробация инспекторына пара ұсыну дерегінің жолы кесілді.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Ақтөбе қаласының Астана аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Данил Наринбаев есірткі заттарымен заңсыз жұмыс істегені үшін пробациялық бақылауда тұрған сотталған азаматты бақылау кезінде қоғамдық жұмыстарды орындау туралы сот үкімінің талаптарын бұзғанын анықтаған. Осыған байланысты пробация инспекторы сотталғанның қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазасын бас бостандығынан айыруға ауыстыру үшін сотқа материалдар дайындаған. Осы кезде пробация есебінде тұрған сотталған азамат бас бостандығынан айырудан және психиатрдан мәжбүрлеп емдеу түріндегі жазадан жалтару мақсатында пробация қызметінің инспекторына 10 мың теңге сомасында ақша ұсынған. Қызметіне адал инспектор бұл туралы өз басшылығына дереу хабарлаған.

– Болған жағдай бойынша Ақтөбе облысының полиция департаментімен ҚР ҚК-нің 367-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, Ақтөбе қаласының №2 сотының үкімімен азамат кінәлі деп танылып, оған 150 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің өзіндік қауіпсіздік қызметкерлері.

Айта кету керек, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, болдырмау мақсатында Ақтөбе облысының ҚАЖ қызметкерлері арасында аппараттық кеңестер, түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру