Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде қауіпті маневр жасаған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Ақтөбеде әлеуметтік желілердегі бейнематериалдарды мониторингтеу барысында жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзған жүргізушілер анықталып, оларға қатысты әкімшілік шаралар қабылданды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг кезінде "Өнер орталығы" алдындағы алаңда BMW автокөлігінің жүргізушісі дрифт жасап жүрген бейнежазба анықталды. Полиция қызметкерлері жүргізушінің жеке басын анықтап, оған қатысты 4 әкімшілік хаттама толтырды.

Сонымен қатар аталған көлік құралының жылдамдықты асыруға байланысты 9 төленбеген айыппұлы бары белгілі болды. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.

Тағы бір жағдайда полиция қызметкерлері үйлену тойы кортежінің құрамында жүрген Chery Tiggo автокөлігін анықтады. Оның жүргізушісі қауіпті маневр жасап, ал жолаушылар көлік қозғалысы кезінде терезеден дене мүшелерін сыртқа шығарған.

Аталған дерек бойынша жүргізушіге қатысты 3 әкімшілік хаттама, ал жолаушыларға қатысты 2 әкімшілік хаттама толтырылды. Көлік арнайы айып тұрағына қойылды.

Полиция жол қозғалысына қатысушыларды жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға шақырады. Қауіпті маневр жасау, көлікті әдейі қауіпті тәсілмен басқару және жолаушыларды белгіленген талаптарды бұза отырып тасымалдау жол қозғалысының басқа қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.

Полиция әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізуді жалғастырып, жол қозғалысы қағидаларын бұзудың алдын алу және олардың жолын кесу бағытында тиісті шаралар қабылдайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру