Ақтөбеде сотталғандар арасында спорттық жарыс өтті
Ақтөбеде ҚР Ата заңының 25 жылдығына орай сотталғандар арасында спорттық жарыс өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168/1 мекемесінде ҚР Ата заңының қабылданғанына 25 жыл толу мерекесіне орай, сотталғандар арасында психология және тәрбие бөлімінің ұйымдастыруымен, сондай-ақ, "Сенім Тірек" қоғамдық бірлестігінің қолдауымен эстафета спорттық іс-шарасы өтті.
Тоғыз кезеңнен тұрған спорттық іс-шара барысында сотталғандар арасынан құрылған төрт команда өзара сайысқа түсті. Спорттық жарыстың өтуіне "Сенім Тірек" қоғамдық бірлестігінен спорт төрешісі Алмат Жангелдин және аталған қоғамдық бірлестіктің психологы Ләйлім Бермағанбет, сондай-ақ ҚАЖ департаментінің "арнайы контингент арасында әлеуметтік психологияқ тәрбие жұмысы" бөлімінің психологы Нұргүл Жумагулова төрешілік етті.
- Спорттық іс-шараның мақсаты - сотталғандар арасында ҚР Ата заңы мерекесінің маңыздылығын және дене шынықтыру мен салауатты өмір салтын насихаттай отырып, оларды қоғамға бейімдеу. Жалпы, спорттық жарыс өз деңгейінде өтіп, сотталғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады,- дейді КА-168/1 мекемесінің АКАӘПТЖБ жасақ бастығы Арман Панабек.
Спорттық жарыстың қорытындысымен, жүлделі орын алған командаға "Сенім Тірек" қоғамдық бірлестігінің демеушілігімен алынған сыйлықтар және қоғамдық бірлестіктің атынан мақтау қағаздары табысталды. Сонымен қатар, іс-шара барысында белсенділік танытқан сотталғандар да жеке-жеке мақтау қағаздарымен марапатталып, мекеменің тәрбие бөлімі оларды көтермелеу шарасын беру туралы құжаттарды мекеме комиссиясына ұсынды.