Ақтөбеде таныстарының телефонын жымқырып келген есепте тұрған сотталған түрмеге қамалды
Ақтөбеде таныстарының телефонын жымқырып келген есепте тұрған сотталған түрмеге қамалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Таныстарының сеніміне кіріп, ұялы телефондарын жымқырып келген Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының тұрғыны сот белгілеп берген жаза өтеу шарттарын бұзғаны үшін бас бостандығынан айырылды. Ол бұған дейін де ҚР ҚК-нің 191-бабымен (Тонау) үш жылға бас бостандығынан шектеу жазасына сотталып, 2021 жылдың қараша айында Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметіне есепке алынған болатын.
Есепке алынған күннен бастап пробация қызметкерлері сотталғанға бас бостандығынан шектеу түріндегі жазаның өтеу шарттары және жазаны өтеу тәртібін түсіндірді. Сонымен қатар, пробация қызметкерлері сот жүктеген міндеттер мен бас бостандығынан шектеу түріндегі жазаны өтеу тәртібінің шарттарын қаскөйлікпен бұзу – сот тағайындалған бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген мерзімін дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстырылатыны жөнінде ескертіп, сотталған азаматшадан жазбаша қолхаттар мен түсініктемелер алды.
Алайда сотталған Р. жаза өтеу барысында бірнеше рет сот жүктеген міндеттерді орындаудан бас тартқан. Сотпен жүктелген мәжбүрлі еңбекке тарту жазасын орындауға шықпай, әкімшілік-аумақ бірлік шегінен рұқсатсыз шығып отырған. Одан бөлек, қоғамдық орындарда ішімдік ішіп, қоғамдық тәртіпті бұзып, әкімшілік құқық бұзушылыққа бірнеше рет жол бергені үшін жауапкершілікке тартылып, әкімшілік қамаққа алынған. Яғни, сотталған пробация қызметкерлерімен жасалып жатқан жұмыстарға бой берместен, бұрын жасаған қылмысын қайталап, қайта қылмысқа жол беріп отырған.
Сот талаптарын орындамаған есепте тұрған азаматтың тарапынан жоғарыда орын алған заң бұзушылықтарға байланысты Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметі ҚР ҚАК-нің 68-бабы 2- бөлігін басшылыққа ала отырып, сотталғанға қатысты бас бостандығынан шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру жөніндегі ұсынысты Мұғалжар аудандық сотына жолдайды. Аудандық сот тиісінше пробация қызметінің ұсынысын қанағаттандырды. Сотталғанның бас бостандығынан шектеу жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
– Сотталған Р. жаза өтеу барысында өзімен жүргізілген тәрбиелік іс-шаралардан еш нәтиже шығармады және тәртібіне ден қояр деген үмітпен тағайындаған соттың шешіміне құрметпен қарамады. Сол секілді ол өзіне берілген мүмкіндіктерді пайдаланып, түзелуге деген ынта-жігер танытқан жоқ. Аталғандарға байланысты енді ол жазасының өтелмеген қалған бөлігін, яғни екі жыл, алты ай, 18 күнін бас бостандығынан айыру орнында өткізеді. Жалпы, жаза өтеу тәртібін бұзу, бас бостандығынан айыруға апаратын бұл жағдай есепте тұрған басқа да сотталған азаматтарға сабақ болады деп ойлаймыз, – деді Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметінің бастығы Гүлсезім Ешмагамбетова.